GENESIS MAGMA RACING ЛЕ-МАНДАҒЫ ДЕБЮТІНЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА КЕЛБЕТІН ТАНЫСТЫРДЫ

Genesis Magma Racing командасы «24 сағат Ле-Ман» жарысында дебют жасайтын қос GMR-001 Hypercar болидіне арналған арнайы ливреяны таныстырды. Бұл дизайн команданы 2025 жылғы іс-шарада өндірушілер қалашығындағы (Manufacturer Village) Genesis аймағында көрсетілген Magma концепциясына қайта оралтады.

Корей қуаты мен мәдениетінен шабыт алған

Ливреяның түстер палитрасы Magma атауының өзегінде жатқан жанартау лавасынан шабыт алған. Бұл Корей түбегінің жанартаулық тегіне және Оңтүстік Кореяның қойнауында бұғып жатқан ішкі қуатқа сілтеме жасайды. Жер астындағы бұл жасырын күш корей мәдениетінде де кездеседі, ол ел халқының көпшілік алдындағы ұстамды да нық сенімділігінен көрініс табады.

Сол сияқты, Genesis Magma Racing командасы да өз алдына жоғары мақсаттар қойып, оларға қол жеткізе алатынына сенеді, бірақ сонымен бірге, әсіресе шыдамдылық жарыстары бойынша әлем чемпионатындағы (FIA WEC) алғашқы маусымында қарапайымдылық ұстанымын сақтайды. Өткен айда «6 сағат Спа-Франкоршам» кезеңінде, яғни өз тарихындағы екінші жарыста-ақ ұпай еншілеп, көпшілікті таңғалдырғанына қарамастан, Genesis Magма Racing негізгі назарды GMR-001 Hypercar көлігінің сенімділігіне және өзінің алғашқы 24 сағаттық жарысында мәреге жету міндетіне аударады.

«Бүкіл Genesis бренді үшін, соның ішінде, әрине, Genesis Magma Racing үшін дизайн — ең басты тіректердің бірі», — деді Genesis бас креативті директоры Люк Донкервольке. «Жанкүйерлер мен қолдаушылар өткен жылы таныстырылған Magma Orange концептуалды ливреясына үлкен сүйіспеншілік білдірді. Genesis әрдайым өз жанкүйерлерінің пікірін ескереді, сондықтан біз оны батыл эволюция арқылы шындыққа айналдырдық. Бұл жай ғана жарыс көлігінің бояуы емес, бұл — түс пен форма арқылы Genesis-тің бірегей серпінді сипатын жеткізетін өнер туындысы».

GMR-001 Hypercar корпусының бойымен өтетін түстердің бірқалыпты ауысуы алдыңғы жақтағы Кореяның жарқын энергиясын білдіретін қолтаңбалы қызғылт сарыдан (Magma Orange) артқы жақтағы қанық қызыл түске ұласады. Бұл жоғары жылдамдық пен өсіп келе жатқан қарқындылық сезімін тудырады, сонымен қатар жоғары өнімді қозғалтқыштың температурасын және көлік толық жылдамдықпен өткендегі Доплер эффектісінің акустикалық өзгерісін бейнелейді. Көлікте хангыль әліпбиімен жазылған «Magma» (마그ма) сөзі сақталған, бірақ енді ол қарама-қарсы градиентпен берілген: алдыңғы жағында қызылдан басталып, артқы жағында қызғылт сарыға ауысады.

Команданың екі көлігі де — №17 және №19 — «24 сағат Ле-Ман» жарысында осы дизайнмен өнер көрсетеді. Ливреялардың айырмашылығы: №19 болидте Genesis және Genesis Magma Racing логотиптері мен қосымша детальдар ақ түспен берілсе, №17 көлікте олар қызғылт сары және қара түсте қалады.

Кемел дизайн үшін техникалық серіктеспен бірлескен жұмыс

«"24 сағат Ле-Ман" — біз үшін жылдың ең маңызды апталығы», — деді Genesis Magma Racing командасының жетекшісі Сирил Абитбуль. «Бұл — FIA WEC маусымындағы ең қиын сынақ, әсіресе алғашқы маусымын өткізіп жатқан команда үшін. Бірақ бұл сонымен бірге жарыс арқылы бүкіл әлемге Genesis пен Genesis Magma Racing-тің болмысын көрсетудің ең үлкен мүмкіндігі».

Ол сөзін былай жалғады: «2024 жылдың желтоқсанында команданы құрғаннан бері Magma біздің есіміміз бен болмысымыздың басты бөлігі болып келеді, сондықтан Genesis Magma рухын тректе толықтай көрсету біз үшін өте маңызды. Көліктер керемет көрінеді, енді команда болып біздің тректегі нәтижелеріміз осы дизайнды жасауға жұмсалған еңбекке сай болуы үшін жұмыс істейміз».

Люк Донкервольке былай деп түсіндірді:
«Сериялық көліктердегідей, біз әрқашан танымал әрі бірегей болу үшін жаңа шешімдерді енгізуді және сынақтан өткізуді тоқтатпаймыз. Genesis-тің жаһандық дизайн бөлімі 2026 жылғы WEC маусымының ең үлкен жарысы — "24 сағат Ле-Ман" үшін көз тартарлық, әрі жеңіл ливрея жасау мақсатында жарыс командасымен тығыз байланыста жұмыс істеді».

Бұл дизайнды іске асыру үшін Genesis Magма Racing өзінің техникалық серіктесі — HEXIS компаниясымен бірлесіп, градиенттің старттық торда тұрғанда да, жоғары жылдамдықта жарысқанда да мінсіз көрінуін қамтамасыз етті. HEXIS мамандарының тәжірибесі мен соңғы буындағы винил үлдірлерін (пленка) қолдана отырып, түстерді кез келген бұрыштан жарқыратып көрсететін ультра-пластикалық желімді материалдар әзірленді.

Бұл арнайы үлдірлер шыдамдылық жарыстарының қатал шарттарына — жоғары жылдамдықтағы ауа ағыны мен қызудан бастап, тректен ұшатын тастар мен қоқыстарға төтеп бере алады. Ливреяның қорғанысын HEXIS BODYFENCE жүйесі қамтамасыз етеді — бұл көрінбейтін сауыт көліктің салмағын ауырлатпай, шағыл тастар мен кірден қорғайды, әрі ливреяның жылтырлығын бұзбай сақтайды. Тал түстен бастап, Мюльсанн түзуіндегі тас қараңғы түнге дейін GMR-001 Hypercar жарықты ерекше бейнелеп, көліктің аэродинамикасы мен жылдамдығына еш нұқсан келтірмей, таңғажайып визуалды әсер сыйлайды.

Басқа жаңалықтар

HYUNDAI ДИЛЕРЛІК ЖЕЛІСІНДЕ GENESIS АВТОКӨЛІКТЕРІНІҢ САТЫЛЫМЫ БАСТАЛДЫ

Премиумды бренд еліміздің тоғыз қаласындағы ең дамыған дилерлік желілердің бірінде ұсынылған.

Геймерлерге арналған жарыс: Le Mans Ultimate ойынында GMR-001 гиперкарының тұсаукесері өтті

Genesis Almaty ашылуында Қазақстанда алғаш рет флагманды G90 Black седаны мен G90 Long Wheel Base ұзын базалы нұсқасы ұсынылды.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢАРТЫЛҒАН GENESIS GV70 МОДЕЛІНІҢ САТЫЛЫМЫ БАСТАЛДЫ

www.genesis.kz сайты cookie файлдарын пайдаланады. Осы сайтты пайдалана отырып, Сіз cookie файлдарын пайдалануға Саясат шарттарына сәйкес Сіздің дербес деректеріңізді өңдеуге келісім бересіз.

Егер келіспесеңіз, браузердегі баптауларды өзгертіп, cookie файлдарын пайдаланудан бас тарта аласыз.